Оразбек есенбаевтың жеке көрмесі
ДИХОТОМИЯ
10.03 – 29.03.2026

«Дихотомия» – төтенше оқиғалар қалыпты жағдайға айналған әлем жайлы көркем зерттеу. Пандемия, соғыс, идеологиялық жіктер, цифрлық гипершынайылық, экологиялық алаңдаушылық бірін-бірі алмастырмайды, қайта қабаттасып, керісінше адам санасын қажытқан тығыз дәуір шындығын құрайды. Осы тұрғыдан алғанда, ұсынылып отырған топтама XXI ғасырдың рухани ахуалын талдауға арналған көркем модель іспетті.


«Дихотомия» топтамасы «Медуза салы 2» туындысынан бастау алады және бұл таңдау бүкіл топтаманың тұжырымдамалық бағыт-бағдарын айқындайды. Тарихтағы Теодор Жерико есімімен байланысты бейнеге жүгіне отырып, Есенбаев трагедияны жеке оқиға тұрғысынан түрақты күйге көтереді. Мұндағы «2» саны кездейсоқ емес, ол апаттың бұдан былай сирек жағдай емес, заманның қайталанатын шындығы екенін көрсетеді.


Суретші оқиғаның көрінісін емес, оның композициялық құрылымын зерттейді. «15 миллион», «2 + 2», «15-бап», «468», «UN Goal-2» секілді атаулар арқылы көркемдік кеңістікке статистика мен құқықтың, халықаралық ресми тілдің лексикасы енеді. Әсіресе, таяудағы пандемия құрбандарының санына меңзейтін «15 миллион» туындысының маңызы ерекше. Бұл жерде сан иесіздендірілген, болмыстан ада, бет-бейнесіз қасіреттің пішініне айналады. Өлім – графикке, ал трагедия – деректер жиынтығына айналады. Бұл бетбұрыс Мишель Фуко сипаттаған биосаяси оптикамен, яғни өмірді есептеу мен нормалау арқылы басқару ұғымымен сабақтасады. Десе де, Есенбаев теорияны түсіндірмейді, ол шындықтың цифрлық репрезентациясы жағдайында туындайтын мәдени анестезияны паш етеді. Сан ұлғайған сайын қасірет сезілмей қалады. «Қап-қара шаршы», «Қасиетті симметрия», «Қирау геометриясы» жұмыстарында модернистік мұрамен ішкі сұхбат өрбиді. Мұндағы Казимир Малевичпен диалог оның шығармашылығына жасалған жай ғана ишара емес. Егер модернизм форманың нөлдік нүктесін іздеп, абстракцияның катарсистік күшіне сенген болса, Есенбаев бұл сенімнің сарқылғанын айқындайды. Симметрия, геометрия, тас қараңғылық – бұдан былай тәртіптің кепілі бола алмайды. Олар морт сынғыш, кейде елес тәрізді тепе-теңдіктің метафораларына айналады.


Топтаманың келесі қабаты билік пен идеология дискурсымен ұштасады. «15-бап», «Одақтық маңызы бар экспонат», «Пирр жеңісі!», «Төтенше шара» – бұл нормативтілік пен тұжырымдамалық пайымның шындықты құрылымдау тәсілдеріне арналған туындылар. «2 + 2» өрнегіндегі арифметикаға жасалған сілтеме еріксіз Оруэллдің романымен астарласады, мұнда тіпті қарапайым ақиқаттардың өзі саяси бақылау нысанына айналады. Мәдени жадыда «екі жердегі екі – төрт» формуласы әлдеқашан рационалдылықтың соңғы бастионының, яғни айқындылық шегінің символына айналған. «1984» романында дәл осы формула саяси құралға айналады. Егер билік 2 + 2 нешеге тең екенін айқындай алса, демек, ойлау құрылымының өзі бақылауға алынғандығын білдіреді.


Цифрлық бірегейлік желісі де қатар өрбиді. «Selfie», «Wrong Place, Wrong Time», «Зомби-карнавал» шығармаларында субъект шынайы өмір мен виртуалды бейне арасындағы дихотомияға түседі. Жан Бодрийяр пайымдағандай, бейне шындықтың орнын алмастырады. Болмыс бірегей емес, қайталанатын және тұтынылатын бейне ретінде өмір сүреді.


Медиум ерекше маңызға ие. Барлық туындылар жібек бетіне (жібек атлас) сиямен орындалған. Жібек – транзиттің, сауданың және мәдени алмасудың тарихи материалы. Орталық Азия контексінде ол Жібек жолының жадын пайымдайды. Алайда Есенбаев шығармашылығында бұл фактуралық қабат осал, қозғалмалы және кез келген әсерге сезімтал келеді. Тарих тасқа қашалмаған, ол мата бетіне кестеленген. Сияның жайылып кетуі ықтимал. Жадының бұрмалануы мүмкін. Туындылардың басым бөлігіне тән бірыңғай формат – пішіні шаршыға жуық модуль жүйелілік пен мұрағаттық әдемілікті қалыптастырады. Көрермен назарына экспрессивті серия емес, әлеуметтік желідегі посттар тасқынын еске салатын визуалды құрылым, дәуір симптомдарының антологиясы ұсынылған. Осы тұрғыда «Дихотомия» – нарратив емес, сан мен тән, тәртіп пен күйреу, симметрия мен хаос, идеология мен жеке таңдау арасындағы дихотомиялық шиеленіс алаңы.


Автордың сыни пайымы адамзаттық міндерді немесе тарихи апаттарды әшкерелеумен ғана шектелмейді. Оның тұжырымдамалық ұстанымы әлдеқайда күрделі мазмұнға ие. Ол аталған құбылыстардың туындау алғышарттарын – қарапайымдандыру, нормативтендіру және дербестіктен айыру механизмдерін зерттейді. Оның туындыларындағы апат табиғаты жағынан қайтымсыз сипатқа ие емес; ол жинақталған шешімдерден, қайталанған формулалардан және күрделі құрылымдарды қолайлы деңгейге дейін редукциялауға бейімділіктен туындайды. Осылайша, «Дихотомия» жалаң морализаторлық сарынға бой алдырмайды. Ол рефлексия кеңістігін туындатады. Бұл кеңістікте көрермен уақыт сынымен ғана емес, оның құрылымдарына өзінің қатысу деңгейімен де бетпе-бет келеді. Жібектің нәзіктігі адам санасының морттығын, сонымен қатар оның зейін шоғырландыру қабілетін айғақтайды. Топтама әлемнің ахуалын айқындағанымен, пессимизм тұңғиығына бой алдырмайды. Оның негізінде тарих тіпті ең минималды әрі ішкі болса да, еркін таңдау арқылы қалыптасады деген нық сенім жатыр. Декларативті немесе ұранды сипатта емес, пайымдау, интерпретациялау, келісу немесе қарсылық білдіру әдісіндегі этикалық ұстаным.


«Дихотомия» – бұл замана туралы терең әрі тұжырымды көркем пайым. Мұнда өнер оқиғаларды бейнелеудің емес, оларды сыни тұрғыдан ұғыну құралына айналады.


Тоғжан Сакбаева, жоба кураторы.

Көрмеде суретшінің 2025 жылы жазылған 30 жаңа туындысы ұсынылған. Барлығы да көрерменге бұрыннан таныс автордың өзіне тән қолтаңбасымен – атлас матаға сиялы қаламмен орындалған. Жіңішке сызықтар бірде қоюланып, бірде сиреп, шаршы пішінді күрделі графикалық құрылымдар түзеді. Ақ матаның беті мен қара сызықтардың қарама-қайшылығы туындыларға ерекше тереңдік пен драмалық әсер сыйлайды.

Жарық пен қараңғылықтың, ақ пен қараның, ізгілік пен зұлымдықтың, жалған мен ақиқаттың жаһандық қарама-қайшылығы аясында дихотомия ұғымы туындағаны белгілі. Бұл – бір-бірінен ажырамайтын, өзара тығыз байланысты екі тараптың қатар өмір сүруі. Тартылыс пен кері шегініс парадоксы тек мағыналық деңгейдегі қарама-қайшы құбылыстардың тоғысуы арқылы ғана емес, сонымен қатар қара сызықтар мен ақ мата бетінің айқын контрастында да көрініс табады. Осы қарама-қайшылықтың үндестігі адам мен әлем туралы терең философиялық, визуалды пайымдарды тудырады.

Есенбаев шығармаларында созылмалы, иілгіш аяқ-қолдары бар гуттаперча тәрізді антропоморфты бейнелер зооморфты және құбыжыққа ұқсас кейіпкерлермен қатар беріледі. Бұл оғаш үйлесім өмір шындығын ашып көрсетеді. Суретші де, көрермен де оларды темір торлы терезенің ар жағынан бақылап тұрғандай әсерде қалады. Өткен мен бүгіннің оқиғалар тізбегін бейнелей отырып, Есенбаев соғыстар, апаттар, геноцид, экологиялық зілзалалар секілді тарихи құбылыстарды, қоғам мен жеке адам деңгейіндегі орны толмас, жойқын салдарды көркем тұрғыда мұрағаттауда белгілі бір салқынқандылықпен бақылаушы ретіндегі ұстанымын сақтауға ұмтылады. Суретшінің бейнеленген оқиғаларға қатысты жеке пікірі болашақта мұндай қасіреттердің қайталануына жол бермеуге үндейтін ескертуге айналады.

Автордың шығармашылық пайымында орта ғасырлардан жеткен, кей өңірлерде әлі күнге дейін сақталған адам шошырлық дәстүрлер бейнеленеді. Қамқоршыларының көңілін табуға мәжбүр болған бача-бала, жасы үлкен ер адаммен неке қию рәсіміндегі тоғыз жасар қалыңдық, шынжырланған, уақыт өте даралығы өше бастаған құл бейнелері – бәрі де адам еркіндігі мен қадір-қасиетінің аяққа тапталуын аңғартады.

Адамзаттың ең қымбат құндылығы саналатын адам өмірін жою арқылы көрінетін геноцидтің тоқтамауы суретшінің түсіндіруінде әрқилы тарихи ауқымда көрініс табады: инквизиция, өлім жазасы, ядролық сынақтар, террористік әрекеттер мен соғыс қылмыстары. Әрбір көркем туынды гуманизм мен бейбітшілікті дәріптейтін көркем мәлімдемеге айналған.

Оразбек Есенбаев адамның жеке әлеміне де үңіліп, оның көлеңкелі тұстарын бүкпесіз көрсетеді. «Кішкентай адамның» қасіреті суретші интерпретациясында эмоциялық әрі физикалық күйреуге ұласатын кең ауқымды трагедия ретінде бейнеленеді.

Автор қазіргі заман құбылыстарын да назардан тыс қалдырмайды: квадроберлер субмәдениетінен бастап ХХ ғасырдағы эксперименталды өнер тұжырымдамаларына дейінгі көріністер олардың мәдени және материалдық құндылығы туралы ой қозғай отырып, қоғамдағы рухани дағдарысқа қатысты ескерту іспетті.

Бұл шығармашылық зерттеу жекеден жалпыға қарай өрбитін қозғалысты көрсетеді. Жеке бір құбылыс уақыт өте жүйелік сипат алып, адамзат өркениетінің бір бөлігіне айналады. Тарихтың қасіретті кезеңдеріне жүгіну арқылы суретші адам болмысының жарқын табиғатын айқындайтын мәңгілік құндылықтардың мызғымас мәнін алға тартады, рухани жаңғыруға сенім ұялатады және әр адамға өз жолын таңдау еркіндігін қалдырады.

Суретшінің басты ерекшелігі – таңдаған бірегей техникасына адалдығы, азаматтық ұстанымын айқын жеткізуі және тақырыпты жүйелі түрде терең ашуға деген талпынысы. Көркем ойлаудағы даралығы, жалпыадамзаттық мәңгілік құндылықтарға үн қатуы мен шығармашылықпен шынайы байланысы Оразбек Есенбаевты тек жергілікті деңгейдегі ғана емес, әлемдік өнер кеңістігіндегі маңызды тұлға ретінде танытады.

Екатерина Резникова, өнертану кандидаты

+7 (702) 190 14 12
По любым вопросам и для заказа свяжитесь с нами по телефону, почте и в соцсетях.
Made on
Tilda